«Когнитивтік бұзылыстар» деген не?
Когнитивтік бұзылыстар — адамның жеке бастапқы деңгейімен салыстырғанда ақыл-ой жұмыс қабілетінің, есте сақтаудың, зейіннің және басқа да когнитивтік қызметтердің төмендеуі.
Когнитивтік немесе танымдық қызметтер деп адам қарым-қатынас және таным үдерістерін жүзеге асыратын ми қыртысының қызметтерін атайды.
Осы қызметтер арқылы адам бастапқы кезеңде ақпаратты қабылдап, оны толық өңдейді және талдайды, кейін сақтап, есте қалдырады. Когнитивтік дағдылардың көмегімен ақпарат алмасу ғана жүзеге аспай, адамның белгілі бір іс-әрекет бағдарламасы да қалыптасады.
Когнитивтік бұзылыстардың белгілері
Когнитивтік бұзылыстарға көбіне мына белгілер жатады:
- есте сақтаудың төмендеуі;
- ақыл-ой жұмыс қабілетінің төмендеуі;
- зейіннің төмендеуі;
- үйрену қабілетінің төмендеуі (жаңа дағдыларды игере алмау).

Когнитивтік бұзылыстар дербес ауру болып саналмайды. Олар психиатриялық немесе неврологиялық текті бірқатар аурулардан туындауы мүмкін. Олардың арасында:
- Альцгеймер ауруы;
- Паркинсон ауруы;
- Гентингтон хореясы;
- Деменция;
- Тапшылық күйлері (В1, В12, фолий қышқылы, ақуыз тапшылығы);
- Өндірістік және тұрмыстық уланулар;
- Холинолитиктерді, барбитураттарды, бензодиазепиндерді, нейролептиктерді, литий тұздарын және т.б. қолдану;
- Нейроинфекциялар және демиелиндендіруші аурулар;
- АИТВ-мен байланысты энцефалопатия;
- Бас-ми жарақаты;
- Ми ісігі;
- Алкоголизм немесе нашақорлық;
Когнитивтік бұзылыстар: жіктелуі
Когнитивтік бұзылыстарды жіктегенде көбіне көріністердің айқындық дәрежесін ескеретін жіктеме қолданылады:
- жеңіл бұзылыстар;
- орташа бұзылыстар;
- ауыр бұзылыстар.
Когнитивтік бұзылыстардың жеңіл дәрежесінде пациенттер аталған бұзылыстардың сипатын өздері түсініп, жағдайына шағымдану арқылы алаңдаушылық білдіреді. Әдетте бұл адамның күнделікті немесе үйреншікті өмірінде қиындық туғызбайды.
Орташа когнитивтік бұзылыстар да пациенттің өз шағымдарында көрінеді, бірақ негізгі айырмашылығы — бұл бұзылыстардың сипатын айналасындағылар да байқай алады. Бұзылыстың осы дәрежесінде адамдарда зияткерлік қызметтің күрделірек түрлерін орындауда қиындықтар туындайды.
АХЖ-10 өлшемшарттарына сәйкес орташа когнитивтік бұзылыстар диагнозын қою үшін пациенттің ақыл-ой жұмысын орындағанда тез шаршауға, есте сақтаудың, зейіннің немесе үйрену қабілетінің төмендеуіне шағымы болуы қажет. Бұл өзгерістер деменция дәрежесіне жетпеуі, органикалық негізі болуы және делириймен байланысты болмауы керек.
Когнитивтік бұзылыстардың ауыр түрі әдетте адамның күнделікті өмірге бейімделуінің бұзылуына әкелетін әртүрлі деменциялық күйлерде кездеседі.
Мидың созылмалы тамырлық және дегенеративтік ауруларының көпшілігінде, тіпті едәуір қарқынды әрі ұзақ дәрілік терапия жүргізілсе де, когнитивтік бұзылыстар қайтымсыз сипатта болатынын ерекше атап өту керек.
Аталған бұзылыстардың себебі адамның метаболизмінің жүйелі бұзылыстары болса, оларды түзету жоғалған психикалық қызметтердің біртіндеп қалпына келуіне әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда қайтымды когнитивтік бұзылыстар туралы айтылады.
Қайтымды когнитивтік бұзылыстарға мыналар жатады:
- дисметаболизмдік энцефалопатия;
- қалыпты қысымды гидроцефалия кезіндегі мидың жоғары қызметтерінің бұзылуы;
- ми ісігінің кейбір жағдайларындағы бұзылыстар;
- мазасыздық-депрессиялық қатардағы психикалық бұзылыстар;
- деменция сатысындағы когнитивтік бұзылыстар (жағдайлардың 5%-ына дейін).
Когнитивтік бұзылыстарды емдеу
Жоғарыда айтылғандардың негізінде осы когнитивтік бұзылыстарға терапия таңдағанда толық әрі жан-жақты тексеру қажеттігін ерекше атап өткіміз келеді. Ол міндетті түрде неврологиялық мәртебені бағалауды ғана емес, мүмкіндік болса, ағзалар мен жүйелер бойынша жалпы физикалық тексеруді және мына зертханалық зерттеулерді қамтуы керек: қан мен зәрдің жалпы талдауы, бауыр трансаминазалары мен гамма-ГТ белсенділігін, қалқанша без гормондарын, билирубин, альбумин, креатинин және несепнәр азоты концентрациясын, В12 дәрумені мен фолий қышқылы концентрациясын зерттеу.
Тиісінше жүргізілетін терапияның тиімділігі тексерудің алдын ала нәтижелеріне, сондай-ақ дәрілік препараттар мен тағайындалатын дозалардың дұрыс таңдалуына тікелей байланысты.






