«Психоз» деген не?
Психоз немесе «психикалық бұзылыс» — психикалық реакциялар нақты жағдайға айқын қайшы келетін, шынайы әлемді қабылдаудың бұзылуымен және мінез-құлықтың толықтай ретсізденуімен көрінетін психикалық қызметтің күйі.
Психоз кезінде адамның психикалық қызметінің негізгі салаларында мынадай бұзылыстар байқалады:
- Галлюцинациялармен, яғни шын мәнінде жоқ нәрсені көру, есту немесе сезумен көрінетін қабылдау бұзылыстары;
- Субъективті сипаттағы сандырақ (қате, жалған, қисынсыз пайымдар) түріндегі ойлау бұзылыстары;
- Агрессия және ашушаңдықпен бірге қозу дәрежесіне дейін жететін жоғары белсенділік түріндегі эмоция бұзылыстары. Кейбір жағдайда эмоция бұзылыстары, керісінше, болып жатқан оқиғаларға толық енжарлықпен және айналадан оқшауланумен қатар жүруі мүмкін;
- Мінез-құлық бұзылыстары әлеуметтік рөлдер мен жағдайдың мәнмәтінін ескеру қабілетінің жоғалуымен, сондай-ақ басқа адамдарды түсіну қабілетінің жойылуымен сипатталады.
Психоз күйіндегі адам бір қимылды бірсарынды немесе стереотипті түрде қайталауы не ерекше рәсімдерді орындауы мүмкін.
Психоздың ең тән белгілерінің бірі — пациенттің өз мінез-құлқына сыни көзқарасының толық жоғалуы. Бұл психоздардың ауруға байланысты туындайтынын растайды.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, психоздың даму қаупін арттыратын бірқатар факторлар бар. Оларға әлеуметтік депривация мен кемсітушілік, сондай-ақ кедейлік пен урбандалудың жоғары деңгейі жатады.
Бүгінде ересек адамдарда психоздың пайда болу қаупі өте күшті психологиялық күйзелістерге, мысалы, бастан өткерген жыныстық немесе физикалық зорлыққа, туған-туыстары мен жақындарының дұрыс емес қарым-қатынасына немесе құрдастарының буллингіне байланысты болуы мүмкін екені анықталған. Ересек шақта зорлықты қайта бастан өткеру факторлары болған жағдайда да психоздың пайда болу қаупі бірнеше есе артады.
Психоздың қандай түрлері бар?
Психоздарды шығу тегі мен дамуының патогенетикалық тетіктеріне қарай жіктеудің әртүрлі түрлері бар. Мынадай топтар ажыратылады:
- эндогенді (шизофрения, шизоаффективті бұзылыс, аффективті бұзылыстардың кейбір психоздық түрлері);
- органикалық (мидың ауыр ауруларынан, мысалы, ісіктен туындайтын);
- соматогенді (ішкі ағзалардың ауыр ауруларынан туындайтын);
- психогенді (реактивті, жағдайға байланысты);
- интоксикациялық психоздар (әртүрлі психобелсенді заттармен улану нәтижесінде);
- абстинентті (психобелсенді затты қабылдауды күрт тоқтату аясында);
- постабстинентті (психобелсенді затты қабылдауды тоқтатқаннан бірнеше күн өткен соң);
Сонымен қатар психоздар басым белгілеріне қарай параноидты, ипохондриялық, депрессиялық, маниакалдық және басқа түрлерге жіктеледі.
Екі немесе одан да көп синдром кешені қатар дамитын аралас психоздар жиі кездесетінін ескеру керек.
Біздің жағдайда психоздарды әртүрлі күйзелістік реакциялардан, психобелсенді заттармен, мысалы, алкогольмен уланудан, инфекциядан (менингит), ауыр соматикалық аурудан (миокард инфаркті) туындайтын жедел немесе өткінші психоздарға және шизофрения не биполярлық аффективті бұзылыс кезінде жиі пайда болатын созылмалы психоздарға бөлу барынша өзекті.
Психозды қалай емдейді?
Психофармакотерапия уақтылы әрі дұрыс қолданылған жағдайда жедел психоздарды емдеу қалдық белгілер сақталмай, толық сауығуға дейін жеткілікті табысты болуы мүмкін.
Созылмалы психоздарда терапия жеткілікті ұзақ жүргізілуі керек. Бұл ретте осындай белгілердің толық болмау кезеңдері (ремиссия фазасы) де, жағдайдың қайта өршу кезеңдері де болуы мүмкін. Болжам үшін тағайындалған емнің дұрыстығы мен уақтылығы, сондай-ақ дәрілік емнің психотерапиямен үйлесуі негізгі мәнге ие.
Психоздарды емдеу тек стационар жағдайында жүргізіліп, кейін психиатр дәрігердің немесе наркологтың бақылауымен амбулаториялық емге ауыстырылуы керек.
Аурудың болжамы мен ағымына шешуші әсер ететін жайттардың бірі — ықтимал асқынулар мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, пациентке жеке тәртіппен антипсихотикалық әсері бар тиісті препараттарды мұқият таңдау қажеттігі.
Менталдық денсаулық клиникасында психоздарды амбулаториялық және стационарлық емдеу жүргізіледі!
Сіз психиатрдың 100% анонимді кеңесіне жазыла аласыз
жазылу нөмірі: 8 (708) 425-25-57.
Жоғары санатты психиатр кеңесінің құны (ұзақтығы 60 минутқа дейін) 30 000 тг-ден басталады






